Бүгін Астана қаласының Мемлекеттік архивінде «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны аясында танымал жазушы, тарихшы **Ұларбек Дәлейұлымен** «Уақыт керуені: жазушы көзімен» атты шығармашылық жүздесу өтті.
Тарихтың қойнауынан сыр шертетін архив төріндегі бұл кездесу уақыт пен сөз өнерінің, өткен мен бүгінгінің арасындағы алтын көпірге айналды.
Тағылымы мол шараға Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Архив қызметін үйлестіру бөлімінің басшысы Жангүл Құдабайқызы Тажина, жазушы, ақын, «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығының лауреаты және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ұмтыл Зарыққан, А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының студенттері, магистранттары және жас зерттеушілер арнайы қатысты.
Кездесу барысында жазушы Ұларбек Дәлейұлы өзінің шығармашылық жолы, сөз өнерінің құдіреті, тарихи таным мен ұлттық құндылықтар төңірегінде тұшымды ой қозғап, жастармен еркін форматта пікір алысты. Студенттер мен жас зерттеушілер көкейде жүрген сауалдарын қойып, қаламгердің өмірлік әрі шығармашылық тәжірибесінен рухани азық алды.
Архив құжаттарында тарихтың ізі жатса, жазушы қаламында сол тарихтың жанды бейнесі өріледі. Бүгінгі жүздесу жас буынның кітапқа деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық әдебиетке деген құрметін тереңдете түскен тағылымды кеш болды.
Ауқымды шараға бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан да үлкен қызығушылық танытылды. Атап айтқанда, кездесуге «Abai TV» телеарнасы, «Астана ақшамы» газеті, «Вечерняя Астана» газеті, сондай-ақ «Тарих» (e-history.kz) және «Әдебиет» (adebiportal.kz) порталдарының өкілдері қатысып, ақпараттық қолдау білдірді.
Кітап оқитын ұлт – болашағы жарқын ұлт!




