Бұл күн – өмірдің талай белесін өткеріп, кейінгі ұрпаққа ақыл-кеңесін, өнегесі мен тағылымын қалдырған аға буынға құрмет көрсететін ерекше күн.
Қазақ халқы ежелден «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп, үлкенді төрге шығарып, олардың өмірлік тәжірибесі мен батасын ұрпақ тәрбиесінің алтын арқауы санаған. Қарияның әрбір сөзі – өткеннің өнегесі, әрбір естелігі – уақыттың куәсі. Ал әженің мейірімі мен ақ батасы – балалық шақтан адам жүрегінде мәңгі сақталатын ең қымбат рухани құндылықтардың бірі.
Осы орайда Астана қаласының Мемлекеттік архиві қорында сақталған белгілі тележурналист, ақын Бейбіт Құсанбектің №695 жеке отбасылық қорындағы шығармашылық мұраларының ішінен қария мен әже тақырыбындағы өлеңдерін оқырман назарына ұсынамыз.
Қарияларым
Жақсыны жазбай тани аларым,
Беу, менің дархан қарияларым!
Алдыңды көріп, тәлім алғанға,
Тұп-тұнық, білем, ар ұяларын.
Өмірдің қысын, жазын көрдің бе?
Құдірет бар-ау әз үндеріңде.
Жазылмаған том-том тарих жатыр ма,
Кемері терең әжімдеріңде.
Ақылың қонып, дариды әнің,
Өздерің жоқта ариды жаным.
Беу, менің ғазиз қарияларым,
Сендер айтыңдар фәнидің мәнін!
Әже
Балалық кезім оралса еске – күй табам,
Суреті келіп ғажайып шақтың ұйқы алаң.
Тау – тасты кезіп, аяқ – қол шыт – шыт жарылып,
Келгенде сонда алақан қандай сипаған!
Ақ пейіл әже - жазылған талай тақырып,
Жазайын мен де сияға қалам матырып.
Өмірде мынау басыма « таяқ » тигенде
Кең құшақ сол бір тұрады әлі шақырып.
Айналдым әже, пірі едің бала шағымның,
Бұлғаңдап еркін, «пәле» боп талай қағындым.
Әліге дейін әділдік таппай қалғанда,
Жүгіріп барып келеді саған шағынғым...
Әжелер деген – көңілдің атқан ақ таңы,
Ұрпағы оның - «құлыны, күні, әппағы»
Дүниеде егер тәлімсіз ұрпақ көбейсе,
Балабақшаның «әже» бола алмай жатқаны.
Мейірімге әлі келемін ешбір тоя алмай,
Аялда, уақыт, аялдай тұршы, аялдай!
Өмірдің нұрлы шуағы барын сездірген,
Осы бір адам қалса бір күн қайтем оянбай...
Ақынның «Қарияларым» және «Әже» өлеңдері – үлкенге деген құрметті, әже мейірімін, балалық шақтың сағынышын және ұрпақтар сабақтастығын терең толғайтын сырлы жырлар.
Архив – халықтың тарихи жадын сақтайтын мекеме ғана емес, тұлғаның рухани мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізетін құнды орта. Әрбір қолжазба, әрбір шығарма, әрбір естелік – уақыттың үнін сақтаған рухани жәдігер.

Белгілі тележурналист, ақын Бейбіт Құсанбектің шығармашылығында адамгершілік, ұлттық тәрбие, үлкенді құрметтеу, туған елге деген сүйіспеншілік секілді құндылықтар ерекше орын алады.
Бүгінгі ұрпақ үшін бұл өлеңдердің мәні де осында. Қарияны құрметтеу, әжені ардақтау, олардың өнегесін кейінгі ұрпаққа жеткізу – ұлттық рухани сабақтастықтың негізі.
Қарттар күні – үлкенге құрмет көрсету ғана емес, олардың өмір жолына тағзым етіп, бізге қалдырған өнегесін бағалайтын күн.
Барша қарияларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық пен береке тілейміз! Ақ баталарыңыз бен өнегелі сөздеріңіз ұрпақ жүрегінде мәңгі сақталсын!




