КӨНЕ ҚҰЖАТТАР СЫР ШЕРТЕДІ
1852 жылы Санкт-Петербургтен Сібір кадет корпусына арнайы нұсқау жіберілген. Император мұрагерінің әскери оқу орындары жөніндегі штабы Сібір корпусына "қырғыз сұлтандарының" балаларына әскери білім беру қажет пе, егер оқытылса, қандай көлемде біліммен шектелуі керек деген мәселені қарастыруды тапсырған. Бұл – қазақ даласынан шыққан сұлтандардың ұрпақтары Ресей империясының әскери жүйесіне тартылып, арнайы бағдарлама бойынша оқытылғанының нақты дәлелі.
Аталған хат Астана қаласының мемлекеттік архивінде сақтаулы. Бұл құжат Омбы облыстық мемлекеттік архивінен әкелінген және қазір 430-қор, 1-тізбе, 1-іс, 1-бетте тіркелген. Сондай-ақ Омбы архивінің 19-қор, 1-тізбе, 34-ісінде де осындай мәліметтер бар.
Бұл құжаттарда қазақ балаларының, соның ішінде төре тұқымынан шыққандардың кадет корпусына қабылдануы, оларға әскери пәндерді меңгерту, қандай пәндермен шектелуі керектігі секілді мәселелер нақты қозғалған. Яғни, бұл жерде жай ғана оқу емес, болашақ әскери элитаны дайындау туралы әңгіме болып отыр. Мұндай білім алған азаматтар кейін Ресей әкімшілік құрылымында, шекара қызметінде, әскери басқару саласында түрлі қызмет атқарды.
Кейін Сібір кадет корпусында немесе басқа да әскери оқу орындарында оқыған қазақтар қатарында Мұхаммед-Салық Бабажанов, Сұлтанғазы Уәлиханов сынды тұлғалар бар. Бұл – қазақ қоғамының отарлық кезеңдегі бейімделу, жаңа жүйеге кірігу жолындағы нақты көріністерінің бірі.
Бүгінде осы секілді деректер тарихымыздың ұмыт қалған парақтарын қайта ашып, сол дәуірдегі саяси-әлеуметтік процестерді түсінуге көмектеседі. Осындай архив құжаттары – ұлттық жадымызды жаңғыртатын алтын арқау. Бұл деректерге қарап отырып, "қазақ балалары білім алмаған" деген сыңаржақ көзқарастардың негізсіз екенін де байқаймыз.
Тарихымызды бірге танып, бөлісіп отырайық. Пікір қалдырып, бөлісуді ұмытпаңыз!
Ғылыми қызметкер Нұрбақыт Бейсенұлы.
Жаңалықтар
КӨНЕ ҚҰЖАТТАР СЫР ШЕРТЕДІ ⏳
Қаралды: 31