Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы және Астана қаласының Мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен 2026 жылғы 14 наурызда Астана қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында «Наурыз – дәстүр мен ғылым үндестігі» атты халықаралық ғылыми-этнографиялық, мәдени-танымдық конференция өтті. Ауқымды іс-шара Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңындағы мерекелік онкүндік аясындағы «Көрісу күніне» арналып, ұлттық салт-дәстүр мен ғылыми танымның өзара байланысын насихаттауға бағытталды. Конференция бағдарламасы этнографиялық қарсы алу рәсімінен басталды. Қонақтарға «Амал мерекесі» атты театрландырылған көрініс ұсынылып, қазақ халқының көне дәстүрлерінің бірі – көрісу салты мен кеп көрінісі сахналанды. Сонымен қатар, Астана қаласы Нұра ауданы белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жанынан құрылған «Атамекен» ансамблі, ҚР Қарулы күштері Ұлттык әскери-патриоттық орталығының әскери оркестрлері қатысып, ақындар арнау айтып мерекелік көңіл-күй сыйлады. Көрініс соңында қонақтарға бауырсақ пен наурыз көже ұсынылып, домбырамен ұлттық ән-күй орындалды. Осылайша шараның алғашқы сәтінен бастап Наурыз мерекесінің рухани мәні мен халықтық дәстүрлері кеңінен насихатталды.
Іс-шара барысында «Наурыз – архив деректерінде» атты арнайы көрме ұйымдастырылып, онда Астана қаласының Мемлекеттік архиві қорында сақталған сирек құжаттар, тарихи фотосуреттер мен құнды материалдар көпшілік назарына ұсынылды. Көрме арқылы келушілер Наурыз мерекесінің тарихи деректердегі көрінісімен, оның қоғам өміріндегі маңызымен танысуға мүмкіндік алды.
Конференцияның негізгі ғылыми-пленарлық бөлімінде белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері баяндама жасап, Наурыз мейрамының тарихи, мәдени және рухани мазмұнын ғылыми тұрғыдан талқылады. Пленарлық отырысты Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп жүргізді. Алғашқы құттықтау сөзді Құдайберген Базарбаев – Қырғыз Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан сөйлеп, Наурыз мерекесінің түркі халықтарының рухани өміріндегі маңызына тоқталды.
Жазушы, публицист Алдан Смайыл Наурыз мейрамының қалыптасу тарихы мен оның этнографиялық ерекшеліктері туралы терең ой қозғап, мерекенің халықтың дүниетанымымен сабақтастығын атап өтті. Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов қазақ дүниетанымы мен сөз өнеріндегі, сонау Сақ-Ғұн дәуірінен жалғасып келе жатқан Наурыз дәстүрінің орнына тоқталса, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев мерекенің қоғамдағы мәдени-рухани маңызы мен тарихи сабақтастығы туралы ой бөлісті.
Сонымен қатар Астана қаласының Мемлекеттік архиві басшысы Жангелді Бимолдиннің бастамасымен дайындалған «Наурыз: көне дәуірден бүгінге дейін» атты жасанды интеллект арқылы жасалған танымдық бейнеролик көрсетілді. Бейнематериалда Астана қаласының қалыптасу тарихымен қатар, Наурыз мерекесінің әр кезеңде қалай тойланғаны туралы архивтік деректер мен құнды мәліметтер қамтылды.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсеметов Алаш қайраткерлерінің Наурыз мерекесіне қатысты көзқарастары мен ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді сақтаудағы рөлі туралы баяндама жасады. Ал мәдениеттанушы, этнолог Серік Ерғали «Наурызнама» тұжырымдамасының ерекшеліктері мен қазіргі қоғамдағы маңызына тоқталып, мерекені жаңаша мазмұнда дамыту мәселелерін көтерді. Сондай-ақ филология ғылымдарының кандидаты, профессор, «Әділет» газетінің бас редакторы Мұратбек Тоқтағазин және этнолог-тарихшы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Зылиха Ибадуллаева Наурыз мейрамының тарихи, мәдени және қоғамдық мәні туралы келелі пікірлерімен бөлісті.
Конференция жұмысы бауырлас елдер – Әзербайжан, Татарстан және Өзбекстан архившілерінің арнайы жолдаған бейнеқұттықтауларымен қорытындыланып, халықаралық ынтымақтастық пен мәдени байланыстардың маңызын айқындай түсті.
Шараға Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттары, тарихшы-ғалымдар, этнографтар, мәдениет және қоғам қайраткерлері, ардагерлер ұйымдарының өкілдері, зиялы қауым мүшелері және архив қызметкерлері қатысты. Қатысушылар Наурыз мейрамының тарихи сабақтастығы, ұлттық бірегейлікті сақтаудағы орны және қазіргі қоғамдағы рухани-мәдени мәні жөнінде пікір алмасты.
Аталған конференция ұлттық дәстүр мен ғылыми көзқарасты ұштастырған маңызды мәдени-танымдық алаңға айналып, Наурыз мерекесінің тарихи тамырын, рухани құндылықтарын және қазіргі заманмен сабақтастығын кеңінен танытты. Іс-шара ұлттық мәдени мұраны дәріптеумен қатар, ғылым мен архив деректерінің негізінде тарихи танымды кеңейтуге бағытталған маңызды бастама ретінде бағаланды.






