«Астана қалалық мемлекеттік архиві» мемлекеттік мекемесінің Құжаттарды қалпына келтіру және сақтау құралдарын дайындау қызметі архив қорындағы құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге арналған кешенді жұмыстарды жүзеге асырады, соның нәтижесінде құжаттардың физикалық жай-күйі жақсартылып, олардың ұзақ мерзім сақталуы қамтамасыз етіледі. Қызметтің негізгі міндеттері - реставрацияға түскен құжаттарды бастапқы қабылдау, тіркеу және техникалық сараптау жүргізу. Бұл кезеңде құжаттардың атауы, мерзімі, жасалған материалы (қағаз, пергамент және т.б.) мен физикалық жағдайы (жыртылу, көгеру, сарғаю, дымқылдану белгілері) анықталып, есепке алынады. Құжаттарды қалпына келтіру жұмыстары міндетті түрде санитарлық қауіпсіздік шараларынан, атап айтқанда дезинсекциядан басталады. Дезинсекция - архив құжаттарына зиян келтіретін жәндіктерді және олардың дернәсілдерін жоюға арналған арнайы процесс. Осы мақсатта реставрацияға қабылданған материалдар негізгі архив қорынан оқшауланып, арнайы қапшықтар мен контейнерлерге орналастырылады.
Қызмет барысында анаэробты әдіс кеңінен қолданылады: құжаттар арнайы полиэтиленнен жасалған жастықшаларға салынып, ішіне азот газы енгізіледі. Оттегісіз ортада жәндіктер толық жойылып, дезинсекция процесі 3-4 апта бойы жүргізіледі. Бұл әдіс әсіресе сирек әрі құнды құжаттарға қолданылып, олардың қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндік береді.
Жүргізілген санитарлық өңдеуден кейін құжаттар қалпына келтіру, нығайту және ұзақ мерзім сақтауға арналған арнайы сақтау құралдарымен қамтамасыз етіледі. Аталған жұмыстар архив құжаттарының тарихи және мәдени құндылығын сақтап, келешек ұрпаққа жеткізуге бағытталған.








