Жаңалықтар

Елдің тарихи, мәдени, саяси құжаттарын сақтаудың басты қоймасы  -мұрағат.

1995 жылдың 23 қараша айында Ақмола қаласы әкімінің жарлығымен Астана қаласының Мемлекеттік мұрағат құрылды. Биыл мұрағатқа 20 жыл толып отыр! Жиырма жылдың ішінде мұрағат қоры аса құнды құжаттармен толықтырылды. Қазіргі кезде мұрағат қорында 1737 жылдан бүгінгі күнге дейін жалпы көлемі 324 мың сақтау бірлігі бар құжаттар 668 қор сақталуда.

Ресей Федерациясының Татарстан, Башкортостан, Омбы, Орынбор мемлекеттік мұрағаттарына, Подольск қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатына барған біздің қызметкерлердің іс-сапарлары аса жемісті болды. Олар еліміздің тарихына қатысты маңызды құжаттар тапты.  Осы мекемелерде анықталған аса құнды, бірегей құжаттар мұрағаттың алтын қоры болып табылады.

Олар: Әбілхайыр ханның Кіші жүзді басқару туралы Орынбор губернаторы И.И.Неплюевке жазған хаты, 1745 жыл. Әбілхайыр ханның өтініші бойынша баласы Қажы Ахметті Санкт-Петербургке жіберу туралы сыртқы істер Коллегиясы Сенатының жарлығы, 1739 жыл.

Абылай ханның ант қабылдау туралы патша үкіметіне жазған хаты, 1778 жыл. Абылай ханның патша үкіметіне өзінің хандық дәрежесін бекітуін өтініп, балаларын Санкт-Петербургке жіберуіне рұқсат сұрап жазған хаты, 1779 жыл. Абылай хан басқарған Орта жүз қырғыз-қайсақтардың жағдайы туралы Орынбор губернаторы И.А. Рейнсдорфқа Троиц дистанциясы комендаты Демариннің жіберген баянхаттары, 1780 жыл. Абылай сұлтанның Орта жүздің жағдайы мен бағынғандығы жайлы хабарлауға Жоғары сарайға баласын жіберу туралы әртүрлі ордендердің иегері және губернатордың қызметін атқарушы генерал-поручик П.Д. Мансуровқа жазған хаты көне славян тілінен орыс тіліне аударылған, 1771 жыл. Кенесары ханның өзі жазған хаттары.

Жәңгір ханның парсы тілінде жазылған сирек кездесетін үш қолжазбаны Қазан университеттің кітапханасына тапсырғандығы туралы құжат,  Нұралы сұлтанның Кіші жүз ханы болып сайланғаны туралы жарғы, сол сияқты мұрағат қорында Алаш Орда қайраткерлері А.Байтұрсынов, М.Дулатұлы, Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев, Р.Марсеков, М.Сеитов және т.б. зиялылардың жеке құжаттары сақталған. Мұрағаттың баға жетпес құжаттарының бірі — Ахмет Байтұрсыновтың Батыс-Сібір оқу округының халықтық училищесінің инспекторына өз қолымен жазған хаты. Хатта қазақ мектептерін жаңа оқулықтармен қамтамасыз ету туралы мәселелер қозғалған.

Қала тарихына байланысты тарихи құжаттарды іздеп-табу, анықтау барысында мұрағат қызметкерлері елеулі жұмыстар атқарып келеді. Қырғыз Республикасының,  Свердловск облысының мұрағаттарымен қарым-қатынас жасап, келіссөздер жүргізіп жатыр. Болашақта біздің тарихымызға, өткен болмысымызға қатысты жаңа құжаттар анықталуы мүмкін.

Мұрағаттың халыққа берері мол, болашағы зор.

Мұрағатшы: Баширова Ақерке