Бекітілген
әкімдіктің қаулысымен
Астана қаласы
2022 жылғы » 17 » қарашадағы
№ 511-3449
«Астана қаласының Мемлекеттік архиві»
мемлекеттік мекемесінің
жарғысы
- Жалпы ережелер
- «Астана қаласының Мемлекеттік архиві» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Мекеме) Қазақстан Республикасы Ұлттық архив қорының (бұдан әрі – Қор) құжаттарын мемлекеттік сақталуды, тұрақты сақтау, толықтырылу, есепке алу мен пайдалануды ұйымдастыру функцияларын жүзеге асыру үшін мекеме ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, заңды тұлға мәртебесіне ие коммерциялық емес мекеме болып табылады.
- Мекеме «Ақмола қаласының мемлекеттік архивін құру туралы» Ақмола қаласы әкімінің 1995 жылғы 23 қарашадағы № 3-1-120 шешімімен құрылды.
- Мекеменің құрылтайшысы Астана қаласының әкімдігі (бұдан әрі – құрылтайшы) болып табылады.
- Тиісті саланың уәкілетті органы, сондай-ақ Мекеменің мүлкіне қатысты құқық субъектісінің функцияларын жүзеге асыратын орган «Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) болып табылады.
- Мекеменің толық атауы: «Астана қаласының Мемлекеттік архиві» мемлекеттік мекемесі.
- Мекеменің орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, «Сарыарқа» ауданы, М. Әуезов көшесі, №3.
- Мекеменің заңдық мәртебесі
- Мекеме мемлекеттік тіркелген сәттен бастап құрылды деп есептеліп, заңды тұлғаның құқықтарына ие болады.
- Мекеменің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дербес теңгерімі, банкте шоттары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген бланкілері және Мекеменің атауы мемлекеттік тілде жазылған мөрі болады.
- Мекеме басқа заңды тұлғаны құра алмайды, сондай-ақ оның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алмайды.
- Мекеме өзiнiң мiндеттемелерi бойынша өзінің кепілдігіндегі ақшамен жауап бередi. Мекемеде ақша жеткіліксіз болған кезде, оның міндеттемелері бойынша құрылтайшы субсидиарлық жауапты болады.
- Мекеме қызметінің мәні мен мақсаттары
- Мекеме қызметінің мәні Қор құжаттарын жинақтау, сақталуын қамтамасыз ету, мемлекеттік есепке алу, оларды ғылыми және тәжірибелік мақсатта пайдалану болып табылады.
- Мекеме қызметінің мақсаттары:
1) Астана қаласының аумағында архив ісі мен құжаттама жөніндегі Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету;
2) тарихи және мәдени маңызы бар архив көздерінің сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды ғылыми және әлеуметтік-құқықтық мақсатта пайдалану;
3) ғылыми, тарихи, мәдени, әлеуметтік-құқықтық маңыздылығына сәйкес құжаттардың сақталу мерзімін белгілеу мақсатында Астана қаласының аумағында пайда болатын құжаттардың құндылығына сараптама жүргізуді ұйымдастыру;
4) меншік нысанына қарамастан заңды тұлғалардың құжаттарын және жеке тұлғалардың жеке қорларын жинақтау жөнінде жұмыс жүргізу;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңды және жеке тұлғаларға қызмет көрсету;
6) Қорды жинақтау үшін құжаттарды ғылыми-техникалық өңдеу жөнінде кәсіпорындар мен ұйымдарға (меншік нысанына қарамастан) әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсету;
7) Мекеменің архивтік қорларының есептік құжаттарын дамыту мен жетілдіру;
8) қабылданған құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, оларды сақтаудың тиісті санитарлық-гигиеналық, жарық және температуралық-ылғалдылық режимін орнату және қалпында ұстау жөніндегі қажетті шараларды жүзеге асыру;
9) таратылған ұйымдардың құжаттарын сақтау мақсатында оларды қабылдауды жүзеге асыру.
- Мекеме мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:
1) Басқарманың келісімі бойынша жинақтаудың көздері және әлеуетті көздері болып табылатын мекемелердің тізімін қалыптастырады және оларды Қалалық сараптау-тексеру комиссиясының (бұдан әрі – ҚСТК) қарауына ұсынады;
2) сақталудағы құжаттардың есебін жүргізуді жүзеге асырады, олардың көлемі және қабылданған құжаттар мен істердің құрамы туралы мәліметті Басқармаға ұсынады;
3) ғылыми-зерттеу қызметін жүзеге асырады;
4) ақылы қызметтерді көрсетеді;
5) құжаттар тізімдемесіне есеп деректерін жасайды және жетілдіреді;
6) көрмелер ұйымдастырады және Мекеменің құжаттарын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды;
7) архивтік анықтамаларды, құжаттардың көшірмелерін және олардан үзінді көшірмелерді беру арқылы ұйымдар мен кәсіпорындардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтарының, жақын және алыс шетелдердің сауалдарын белгіленген тәртіпте орындайды;
8) «Архивтік анықтамалар беру» мемлекеттік қызметті көрсетеді;
9) белгіленген тәртіпте мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, лауазымды тұлғалардан заңды және жеке тұлғалардың сауалдары мен өтініштерін орындауды ұйымдастыру үшін қажетті ақпаратты сұратады және алады;
10) заңды және жеке тұлғаларға әлеуметтік-құқықтық сипаттағы мәселелер бойынша кеңестер береді;
11) оқу залының жұмысын және мүдделі заңды және жеке тұлғаларға уақытша пайдалануға Мекеме құжаттарын беруді ұйымдастырады;
12) Қор құжаттары бойынша ақпараттық желіні және дерекқорды құрады, Мекемеге түскен құжаттарды дерекқорға уақтылы енгізуді қамтамасыз етеді;
13) орталықтандырылған сақтау, есепке алу мен пайдалану үшін архивтік қорлар құжаттарының электрондық нұсқаларын құрады және жүйелендіреді;
14) «Әкімдіктің электрондық архиві» автоматтандырылған ақпарат жүйесін әзірлеу мен іске асыруға қатысады;
15) шетелдік архивтерде Ақмола қаласы мен Ақмола (Целиноград) облысының тарихына қатысты табылған құжаттарды іздестіру және оларды (олардың көшірмелерін) алу жөнінде жұмысты ұйымдастырады;
16) Мекеменің қалыптастыру көздері және әлеуетті көздері болып табылатын мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар мен кәсіпорындарда іс жүргізу және құжаттарды ведомстволық сақтауды ұйымдастыру мәселелері жөнінде әдістемелік басшылықты жүзеге асырады;
17) мемлекеттік сақтауға қабылданатын құжаттардың материалдарын ҚСТК-мен келіседі;
18) Мекеменің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар мен «дөңгелек үстелдер» өткізеді, ҚСТК жұмысына қатысады;
19) өз қызметінің бағыттары бойынша консультативтік-кеңесші органдар (жұмыс топтары, комиссиялар) құрады;
20) Астана қаласының таратылған ұйымдары мен кәсіпорындарының құжаттарын мемлекеттік сақтауға қабылдауды жүзеге асырады.
Мекемеге осы жарғыда бекітілген өз қызметінің мәні мен мақсаттарына сай келмейтін қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ мәмілелер жасауға жол берілмейді.
- Мекеме қызмет мақсаттарына қайшы жасаған мәміле, Қазақстан Республикасының шектеулі заңдарында немесе осы жарғыға не директордың жарғылық құзыретін бұза отырып, жасаған мәміле Басқарманың немесе прокурордың талабы бойынша жарамсыз деп танылады.
- Мекеме директорының жарғыға сай емес қызметті жүзеге асыруға бағытталған әрекеті еңбек міндеттемелерін бұзу болып табылып, тәртіптік және материалдық жауапкершілікке әкеледі.
- Мекемені басқару
- Мекемені жалпы басқаруды Басқарма жүзеге асырады.
- Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) Мекеменің жұмыс жоспарларын келіседі;
2) Мекемеге мүлікті бекітеді;
3) Мекеменің жеке қаржыландыру жоспарын бекітеді;
4) Мекеме мүлкінің сақталуына бақылауды жүзеге асырады;
5) Мекеме Жарғысын, сондай-ақ оған енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді;
6) Мекеменің басқару органдарының құрылымын, құрылу тәртібі мен өкілеттілік мерзімін, Мекеменің шешімдер қабылдау тәртібін анықтайды;
7) Мекеме директорының құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін, оны лауазымынан босату негіздерін айқындайды;
8) Мекеменің құрылымы мен шекті штат санын бекітеді;
9) Мекеме директорының ұсынымы бойынша оның орынбасарларын лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады;
10) жылдық қаржылық есептілікті бекітеді;
11) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға Мекемеге берілген немесе өзінің шаруашылық қызметінің нәтижесінде ол сатып алған мүлікті алып қоюға немесе қайта бөлуге келісімін береді;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
- Мекеменің директоры Басқарма басшысының бұйрығымен қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
- Мекеменің директоры Мекеменің жұмысын ұйымдастырады және басшылық етеді, Басқармаға тікелей бағынады және Мекемеге жүктелген міндеттер мен оның өз функцияларын жүзеге асыруына жеке жауапты болады.
- Мекеменің директоры дара басшылық қағидаты бойынша әрекет етеді және Мекеме қызметінің барлық мәселелерін Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Жарғыда айқындалатын құзыретіне сәйкес дербес шешеді.
- Мекеме директоры Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Мекеме атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
2) мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда Мекеменің мүддесін білдіреді;
3) шарттар жасасады;
4) сенімхаттар береді;
5) Мекеменің іссапарларға, тағылымдамаға, қызметкерлерді қазақстандық және шетелдік оқу орталықтарында оқытуға және қызметкерлердің біліктілігін жоғарылатудың өзге де түрлеріне байланысты тәртібі мен жоспарларын бекітеді;
6) банк шоттарын ашады;
7) барлық қызметкерлер үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;
8) Басқарма тағайындайтын қызметкерлерден басқа, Мекеме қызметкерлерін жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;
9) Мекеме қызметкерлеріне, Қазақстан Республикасының заңнамасына белгіленген тәртіпте ынталандыру шараларын қолданады және тәртіптік жазаларға тартады;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасымен, осы жарғымен және Басқармамен жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
- Мекеме мүлкінің құрылу тәртібі
- Мекеменің мүлкі заңды тұлғаның активтерін құрайды, олардың құны оның теңгерімінде көрсетіледі. Мекеменің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік есебінен құрылады.
- Мекеме бекітілген мүлік пен оған смета бойынша бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
- Мекеменің қызметі мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады.
- Мекеме бухгалтерлік есеп жүргізеді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес есептілік ұсынады.
- Мекеменің қаржылық-шаруашылық қызметін тексеру және ревизия Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Басқарма жүзеге асырады.
- Мекемедегі жұмыс тәртібі
- Мекеменің жұмыс тәртібі ішкі еңбек тәртібінің қағидаларымен белгіленеді және Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуі тиіс.
- Мекеме жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі
- Мекеменің жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу Басқарма шешімі бойынша жүргізіледі.
- Мекеменің жарғысына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркеледі.
- Мекемені қайта ұйымдастыру және тарату
- Мекемені қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
____________________________