Елорданың мәслихат тарихы қайдан бастау алады

Елорданың мәслихат тарихы қайдан бастау алады

Тәуелсіз еліміз 1993 жылы 10 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдады. Міне, осыдан кейін 1994 жылы республиканың жаңа өкілді органдары – мәслихаттарға депутаттарды сайлау алғаш рет өткізілді.

Содан бері жергілікті билік органдары мемлекеттік басқарудағы маңызды буын рөлін атқарып және азаматтарға барынша қолжетімді әрі олардың проблемаларын шешумен айналысады. Мәслихаттар елдегі демократиялық өзгерістерді іске асырудың іргетасын қалыптастыруға өз үлестерін қосуда.

Өздеріңіз білесіздер, жақында Мемлекет басшысы Жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойып, 2023 жылдың 19 наурызында Мәжіліспен қатар мәслихат депутаттарын да кезектен тыс сайлау ұсынылды.

Ал енді мәслихат деген не және оның тарихына көз жүгіртсек. Бұл үшін, әрине, тарихты айғақтайтын архив құжаттарына жүгінеміз.

Астана қаласының архиві – тарихи құжаттарға бай орын. Мұнда ақмолалықтардың 1915 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі революция, Кеңес одағының құрылуы, ұжымдастыру, ашаршылық, Екінші дүниежүзілік соғысы кезіндегі тылдық өмір, көшіру, депортациялау, тың жерлерді игеру, қалаларды дамыту, ауыл шаруашылығы, ғылым мен мәдениет, білім мен денсаулық сақтау құжаттарындағы саяси, экономикалық және мәдени өмірінің құжаттары сақталған.

Сонымен қатар қаламыздың тарихына қатысты алыс-жақын шет елдерден, еліміздің басқа архивтерінде сақталған құжат көшірмелері бар. Бұл материалдар қаламыз бен уездің әлеуметтік-экономикалық жағдайын айғақтайды. Осы құжаттардың бірегейі бұл 430-қор 32-істегі Ақмола қалалық думасының 1874 жылдың 25 мамырдағы қаулысы.

Бұл №5531 құжатта 1874 жылдың 25 мамырдан қала басшылығы Ақмола қаласы думасының жұмысын бастайды деп көрсетілген. Яғни бұл құжаттан көретініміз – сол 1870 жылдары құрылған қалалық Дума және оның атқарушы органы – қалалық басқарма тарихы. Сол кезде Думаның депутаттары төрт жылға сайланған. Бiрақ сайлау мүлiктiк ценз (шек қою) негiзiнде жасырын дауыспен өткiзiлдi. Қалалық дума мүшелерiнiң басым көпшiлiгi көпестердiң өкiлдерi болып шыққанын көре аламыз.

1891-1916 жылдары Ақмола қалалық думасының басшысы қызметін Кубрин Степан Андрианович атқарған.

Бұдан басқа, осы аталған қор құжаттарынан қалалық Думаның қызметіне байланысты көптеген мәлімет көруге болады.

Ақмола қаласы әкімшілік-аумақтық бөлініс қарамағындағы аймақтың жай-күйіне жауапты жергілікті өкілдік органның өзгеріске ұшыраған кезеңі – бұл Қазан революциясы кезі. Жаңа өкіметтің орнауына байланысты қалалық дума таратылды. Оның орнына 1920 жылдың 26 маусымында Ақмола уездік атқарушы Кеңестерінің жұмысшы, шаруа және Қызыл әскер депутаттары комитетінің 1-съезінде «Қалалық уездік атқару комитеті» өз қызметін бастаған.

Ал 1923 жылы Ақмола қалалық Кеңесі құрылып, сол жылғы 10 наурызда Кеңестің алқасы мен бөлімшелері жасақталған. Бұл Кеңес еліміздің тәуелсіздік алған жылдарына дейін жұмыс істеп, қала дамуына елеулі үлес қосты.

Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 9 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасы халық депутаттары жергiлiктi Кеңестерiнiң өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы» Заңына сәйкес, Ақмола қалалық, халық депутаттары және ауылдық кеңестер аппаратын тарату туралы шешімі шығып, 1994 жылдың 1 сәуірінде Ақмола қалалық мәслихаты құрылды.

Міне, осы күннен бастап тәуелсіз Қазақстанда облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттар өз жұмысын бастады.

Осылайша, қазіргі уақытта елордамыздың тіршілік тынысына қатысты барлық маңызды мәселелер мәслихат арқылы өтеді. Мәслихат сессияларында қаланы дамытудың экономикалық және әлеуметтік бағдарламалары бекітіліп, қаламыздың дамуына жүйелі еңбек етуде.

 

Жангелді БИМОЛДИН,

Астана қаласы мемлекеттік архивінің Ғылыми зерттеу және ақпараттық-түсіндіру қызметінің басшысы