Астананың тарихы аңыз мен құпияларға толы. Оның ғимараттары жаңа құрылыстарға әсте ұқсамайтын үнсіздікті бойына бүгіп жатыр. Алайда, ықылас танытқанға өткен күндерден сыр шертеді. Атақты көпес Кубрин үйінің қабырғалары күнделікті отбасының ғана емес НКВД чекистерінің қанқұйлы атыстарын да ұмытқан жоқ. Бұл туралы астана қаласы Мемлекеттік мұрағатының директоры Балқия Баймағанбетова Казинформға әңгімелеп берді. http://www.inform.kz/rus/article/2929053
Көпестер әулеті
Астананың байырғы тұрғындарының көбі Кубрин тегінен құлағдар. Атақты көпес әулетінің өкілдері Ақмола тұрғындарына ғана емес, қала аумағында да сыйлы еді. Қазіргі тілмен айтқанда барлық жағынан алдыңғы қатарда болды. Олар бизнесті табысты жүргізді, қайырымдылық, ағартушылық жұмыстарымен де айналысты, тіпті сүйікті әйелдері үшін театрлар салдырды. Енді бұлар туралы ретімен баяндайық.
«2010 жылы Омбы облысының мемлекеттік мұрағаты Астана қаласы Мемлекеттік мұрағатында тұрақты сақтау үшін көпес Кубрин құжаттарының көшірмесін берді. Міне бұл туралы ұзақ уақыт сақталғаннан сарғайған материалдар хабарлайды. «Ақмоланың жергілікті саудасы жақсы дүкендері бар Кубриндердің қолында болды». Бұл революцияға дейінгі «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» анықтамалығының үзіндісі», – дейді Балқия Баймағанбетова.
Көпетер әулетінің негізін қалаушы Константин Кубрин қарапайым казак болғаны белгілі. Оның ұлдары Андриан мен Матвей әкесінің жолын қуып – белгілі кәсіпорын қожайындары болды. Олардың кәсіби жетістіктеріне де сол архив құжаттары куәлік етеді. Алдымен олар Ақмола станицасының саудагер казкатары, одан соң уақытша көпестер ал одан кейін ақмолалық екінші және бірінші гильдиялық көпестері ретінде айтылады.
Матвей Кубриннің дүкені
Кубриндер әулетінің екінші буыны Матвейден басталады. Ол Ақмоланың көпестер сословиесіне 1873 жылы тіркеледі. Матвей мен оның үлкен ұлы Василий ірі саудагерлер қатарынан саналып, бірінші гильдиялық көпестер болды. Сөз ретімен айтсақ, Матвейдің отбасы үлкен еді. Ол төрт ұл және төрт қыз тәрбиеледі. Көпес «Матвей Кубрин ұлдарымен және Ко» сауда үйін құрды. Сібір сауда-өнеркәсіп жылнамасының мәліметтері бойынша оның кәсіпорны «дәрілік, мануфактуралық, галантериялық, зергерлік, жазу қағазын және кеңсе тауарларын сондай-ақ, киім, аяқ киім, сағаттар, шәй және қант саудалаған».
Ақмоладағы ең тәуір дүкен Матвей Кубриндікі болған. Бұл күнде ол Кенесары және Бөкейхан көшелерінің қиылысындағы «Астана» супермаркеті ретінде танымал. Көркем ғимараттың ерекше сәулеті өзіне еріксіз назар аудартады. Ол петербургтің сәулет мектебі дәстүрінде салынған. Қыста аппақ қабырғалары қар реңдес болса, жазда шатырының қанық жасыл түсі қүнге құлпыра жаңбырдан соңғы балғындық әсерін береді. Ғимаратты 1905-1907 жылдары Ақмола уезіне Орлов губерниясының Осмонь селосынан жер ауып келген шаруалар салған. Кеңес кезінде дүкен «Радуга» деп аталған. 1944 жылы ағаш конструкциясының бәрі өртеніп, ел арасында ол «Күйген» деп аталып кетеді. 1984 жылы 30 қаңтарда облыстық атқару комитетінің шешімімен дүкен тарихи және мәдени ескерткіш мәртебесін иемденеді.
Айтпақшы, көпес Атбасар мен Көкшетауда да өз дүкендерін ашқан. 1912 жылғы 19 маусымдағы қалалық басқарманың мәліметінше Ақмоладағы дүкендері мен қоймаларын есептемегенде бес тұрғын үй Василий Кубриннің атына сенімделген сауда үйлері болып тіркелген.
Демеушілер мен саясаткерлер
«1915 жылы Ақмолада ««Матвей Кубрин ұлдарымен және Ко» үлесіндегі серіктестік қызметшілерінің қоғамы» пайда болды. Ұйымның саудаға қатысы жоқ. Ол қала тұрғындарының мәдени және білім дәрежелерін көтеруге бейімделген. Қоғамның мүшелері кездесулер, лекциялар, әдеби кештер ұйымдастырып, баяндамалар оқыды. Сондай-ақ, қоғамның жанында кітапхана мен өзара көмек кассасы жұмыс істеген», — дейді Б.Баймағанбетова.
Көпес Кубриндер қайырымдылықпен айналысып қана қойған жоқ әртүрлі уақытша қоғамдық комиссиялар құрамында болды. Олар қалалық думаның мүшесі – депутат болып сайланды.
Матвей Кубринді өлкетанушылар демеуші ретінде жиі айтады. Ол ұзақ жылдар бойы үш кластық қалалық училищенің қамқоршысы болды және ағарту саласына қомақты сомада қаржы салған. Кейіннен көпес Мәскеуге кетіп, Шереметьев маңынан өз өкілдігін ашады.
Арман мекені
Матвей кеткен соң Ақмоладағы серіктестік ісімен оның ұлы Василий айналысады. Оған қаладағы ең үлкен және әдемі көпес қонысы тиесілі болды. 1910-1912 жылдары салынған бір жарым қабатты жеке үйдің жертөлелі флигелі бар еді. Байырғы тұрғындардың айтуынша үйдің жанынан өткендер таңқалыстарын жасыра алмайтын. Келісті ғимаратқа деген қызығушылық түсінікті еді. Үй шағын қаланың жалпы архитектуралық ансамблінен ерекшеленіп тұратын. Ақмоланың өзге үйлерінен Кубриндер қонысы ерекше болса, оның салыну тарихы да өзгеше. Бірде Василий Кубрин жұмыс бабымен Санкт-Петербургқа барады. Ресейдің солтүстік астанасынан ол өзінің болашақ жарын – театр актрисасын кездестіреді. Ғашық көпестің ұсынысын қабыл алған сұлу болашақ күйеуіне Ақмоладан петербург стилінде үй салу жөнінде талап қояды. Сезімі қанат бітірген көпес Василий Матвеевич салтанатты той (1910-1912 жылдар) жасаумен бірге ағылшын стилінде бақ егеді. Ол отырғызған кейбір ағаштар әлі өсіп тұр. Бір жарым қабатты жеке үйдің жертөлелі флигелі жер асты жол арқылы дүкенге қосылады. Сондай-ақ үйдің аумағында ат қора мен тастан қаланған жер қойма бар. Кеңес үкіметі кезінде үй Октябрский және Карл Маркс көшелерінің қиылысында болса бұл күнде олар Кенесары және Әуезов көшелері. Қазір онда Қазақстандағы Украина елшілігі орналасқан.
«Қазан төңкерісінен кейін Кубриндер үйі мен дүкені ұлттандырылған. Үйде жұмысшы шаруа клубы мен кітапхана болды. 1920 жылдың ортасынан мұнда қалалық уездік атқару комитеті және революциялық атқару комитеті орналасты. Атқару комитетінің шешімімен Қазан төңкерісінің үш жылдығына орай Кубриндер үйі ресми түрде Бірінші Кеңестер Үйі деп аталды. Бұл жерде ұзақ уақыт бойы ОГПУ, НКВД және милицияның қалалық, уездік аудандық бөлімшелері жұмыс істеді. 30 жылдары репрессияға ұшыраған көптеген Ақмола тұрғындары бір кездегі көркем үйдің түрмесіне қамалған. Байырғы тұрғындардың айтуларынша мұнда «халық жауларын», кеңес үкіметіне жақпағандарды қанды қырғынға ұшыратып, жаппай атқан», — дейді Балқия Баймағанбетова.
50-ші, 60-шы жылдары ғимаратта Пионерлер үйі мен қалалық оқу бөлімі жұмыс істеді. Ал, 60-шы жылдың ортасынан бастап ғимарат кешені облыстық тарихи өлкетану мұражайына беріледі. 1967 жылдың 17 маусымында ашылу рәсімі өтті.
Тарихи нысанның қайта жандануы
Бірнеше жыл бұрын қала билігінің бастамасымен Кубриндер Үйіне кешенді ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілді. Мамандар цоколдық қабаттың қабырғаларының шөгуінен пайда болған сызаттарды анықтаған. Құрылысшылар сылағын жаңартқанымен жарты жылдан кейін сызаттар қайта пайда болады. Үйдің ірге тасын нығайту шешімі қабылданады. Есептерден белгілі болғанындай, жертөленің үстіндегі темір тіреулерді тот басып, ағаш төбесі шірігені және зең басқаны белгілі болады. Үйдің айналасындағы ағаштардың тамырлары жертөленің қабырғасы арқылы оңтүстік, шығыс және батыс фасадтарын тесе өскен. Жер асты суларының мол деңгейі қабырғалардың ылғалданып, бүлінуіне әкеп соққан. Мамандар дәліз қабырғасының шөгуі күшея түскенін анықтады. Ірге тас табанындағы жер қабатының жұмсақтығы мен жер асты суларының маусымдық мөлшерінің құбылуы оған себеп болған. Флигелдің жертөле бөлмелері ұзақ уақыт бойы топырақпен жабулы жатты.
Жөндеу-қайта қалпына келтіру жұмыстарының нәтежесінде құрылысшылар ірге тас пен қабырғаларды күшейтіп, құрғату жүйесін орнатып, жылу құралдарының көмегімен жертөлені кептіріп, қабырғаларды түзеп, жақтаудың бағандарына сауыттар орнатып, сәнді су ағатын құбырлар жасады. Осылайша құнды тарихи нысан жаңартылды.
«Ескерткішті одан әрі пайдалану мен техникалық күтім бойынша нұсқаулықта айтылған: үйге ешқандай жапсарлас бөлмелер тұрғызылмасын және жаңартылмасын, ескерткіштің маңайында жер қазу жұмыстары жүргізілмесін, ескерткіште санитарлық, өртке қарсы және техника талаптары сақталуы тиіс. Бұл талаптар сақталғанда өткен дәуірдің маңызды архитектуралық нысанының ұзақ сақталуы мүмкін»,- деп түйіндеді сөзін Астана қаласы Мемлекеттік мұрағатының директоры.
http://www.inform.kz/rus/article/2929053