Тәуелсіздік мерекесіне орайласты

Республикамыздың барлық мекемелері секілді Астана қаласы Мемлекеттік мұрағаты да тәуелсіздік мерекесін атап өтті. Мерекемен тұспа-тұс келген шара – осы мекемеде отыз жылдан астам еңбек етіп келе жатқан мұрағатшы Дәметкен Омарованың «Мәдениет саласының үздігі» атағына ие болуы.

Д.Омарова бұдан бұрын да Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен, Мәдениет ісін дамыту жөніндегі ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен, Астана қаласы әкімінің алғыс хатымен, «Ерекше адамдар» энциклопедиясының кейіпкері Құрмет белгісімен марапатталған еді.

Тәуелсіздік мерекесіне орай мұрағат саласындағы еңбегі ескеріліп, Д.Омарова Мәдениет және спорт министрлігінің  «Мәдениет саласының үздігі» медалін кеудесіне қадады.

Тәуелсіздік мерекесіне орайласқан келесі шара – мұрағаттың қор жасақтаушысы, мұрағат ғимаратының салынуына еңбегі сіңген қоғам қайраткері Қимадиден Сыздықұлының туғанына 100 жыл толуы.

400 мыңдық сақтау орнына есептелген арнаулы ғимаратты Қ.Сыздықұлы облыстық мұрағат бөлімін басқарып жүрген кезінде облыстық атқару комитетінің атынан мердігер ретінде басынан аяғына дейін қадағалап, 1978 жылы 2-ші маусымда құрылыс жұмыстарын бітіргізген еді. 1953 жылдан бастап Ақмола облыстық Кеңесіне қатарынан 6 рет депутат болып сайланған екен. Сөйтіп, 30 жыл бойы депутаттық қызмет атқарған. Ерен еңбектері үшін «Ленин», екі рет «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, 12 әр түрлі медальдармен марапатталады. Ауыл шаруашылық көрмесіне төрт жыл қатысып, үлкен алтын, кіші алтын және екі қола медальдарының иегері атанған.

Қимамиден Сыздықұлының 1992 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне астананы Ақмолаға көшіру туралы алғаш әңгіме көтеріле бастаған тұста, оны қызу қолдап өз пікірін ортаға салған еді. «Алдағы уақытта қала салынар болса, оны Есілден асырып, сол жағына тұрғызған жөн. Будапешт, Париждегі секілді ортасынан өзен ағып жатса, қандай керемет көрік беріп тұрар еді!» деген ұсынысы бүгін де еске алынып келеді.

Бұл күнде жетпіске жуық құжаттары өзі салған мұрағатта сақтаулы тұрған Қ.Сыздықовтың немересі Бақыт Сыздықова мұрағат қызметкерлерімен атасы туралы естеліктерімен бөлісті.

Leave a reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *