Ұлы Отан соғысының аяқталғанына жетпіс жыл өтіп, бізден сол кездің отты күндерінің жаңғырығы алыстап барады. Осынау дүниені тітіренткен сұрапыл соғыстың басты қаһармандарының бірі, көк қыраны, ардагер жауынгер Талғат Бигелдинов хақында біраз сөз қозғасақ. Олай болса, батыр ағамыздың тағдыры қалай, қай жерде, қашан басталып еді?
Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов – авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте батыры, “Барыс” орденінің иегері. 1922 жылы 5-тамызда Ақмола облысының Майбалық ауылында дүниеге келген. Бигелді атасының қарындасы Қадиша әжесі тәрбиелеген.
Ол кісінің балалық шағы бұрынғы Фрунзе, қазіргі Бішкек қаласында өткен. Осы қалада мектепті бітіріп, аэроклубта тәжірибеден өтеді. Аэроклубта оқып жүргенінде ұстаздардың оң көзіне түсіп, 1940 жылы Саратов қаласындағы әскери-авиация мектебіне оқуға жіберіледі. Саратовтағы ұшқыштар мектебінде екі жыл оқып, сержант шенімен бітіреді. Осыдан кейін Чкаловтағы бомбалаушы ұшқыштар мектебін аяқтайды. Ал соғысқа аттанар алдында Ижевск қаласындағы “ИЛ-2” штурмовигімен ұшуды меңгеріп шығады.
1942 жылы қан майданға аттанады. Сонау қаһарлы соғыс жылдарында Сталиннің жарлығы бойынша 80 жауынгерлік ұшуды табысты орындаған ұшқышқа Батыр атағы берілетін болып белгіленген екен. Ал біздің Талғат ағамыз болса, 305 рет жауынгерлік тапсырмамен ұшып шығып, жауға соншама рет ойран салып шайқасқан, соншама рет өліммен беттесіп, арпалысып айқасқан. Өзінің ИЛ-2 шабуылдаушы ұшағымен Кавказ бен Украина жерін жаудан азат ету операцияларына қатысқан, алғашқылардың бірі болып Берлинді бомбылаған. Фашистер өздеріне өлім оғын сепкен Талғат ағамыз мінген ұшақты “Қара ажал” деп атаған.
Соғыс жылдарында II дәрежелі Отан соғысы, екі мәрте I дәрежелі Отан соғысы, екі рет Қызыл Ту, Александр Невский, III дәрежелі даңқ, “Қызыл Жұлдыз”, “Жеңіс” ордендерімен, Поляк әскерінің “Алтын кресімен” марапатталып үлгерді.
Оның жауынгерлік іс-қимылының асқан тиімділігі мен пәрменділігін 158-ші истребительдер авиаполкының командирі, Кеңес Одағының Батыры, гвардия майоры Н. Лощак, 152-ші гвардиялық истребительдер авиаполкының командирі, екі дүркін Кеңес Одағының Батыры, гвардия майоры С. Луганский растап айғақтады, фотобақылаулар куәландырды. Оған Батыр атағы берілуін даңқты қолбасшылар, армия генералы Р. Малиновский мен маршал И. Конев және басқа сардарлар қызу қуаттап қолдады.
1944 жылдың 26 қазанында КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Талғат Бигелдиновке Кеңес Одағының батыры атағы берілді, ал 1945 жылдың 27 маусымындағы Жарлық оның төсіне екінші Жұлдызды жарқыртата тақты. Бүкіл соғыстың өн бойында жау жайлаған жерлердің аспанында жалпы жиыны 500 сағаттан астам ұшқанда бір де бір рет бағытынан жаңылып көрмеген бағдаршыл болжампаз да біздің Талғат ағамыз болып шықты.
Соғыстан кейін Талғат Жақыпбекұлы Әскери-әуе академиясында оқып, кеңес армиясындағы бөлімдер мен құрамалар командирі, штаб бастығы мәртебесін еншілеткен диплом алып шықты. Әскер қызметінде реактивті ұшақтарды игерумен шұғылданды.
1957 жылдан бастап 1970 жылға дейін азаматтық авиацияны басқарады. Ақмола, Алматы, Тараз, Қызылорда, Қарағанды, Арқалық қалаларындағы аэропорт салу ісіне қатысады.
1968 жылы Мәскеу инженерлік-құрылыс институтын бітіреді. Алматы қаласындағы небір тамаша ғимараттардың бой көтеруіне өзінің үлесін қосады.
КСРО Жоғарғы Кеңесінің үш мәрте депутаты болып сайланады.
Өмірінің соңғы кездерінде Талғат ағамыз табиғат аясында жиі болғанды ұнататын. Бал арасын, бау-бақша өсірумен айналысатын. Қоғамдық жұмыстан да қол үзген емес.
2014 жылдың 10 қарашасында 92 жасында Алматы қаласында қайтыс болды.
Осы мақаланы жазу барысында Астана қаласының Мемлекеттік мұрағатының құжаттарын пайдаландым.
Қазіргі кезде Ақтөбе Жоғары азаматтық авиация ұшқыштар институты мен Қарағанды республикалық авиация училищесіне екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің есімі берілген.
Астана қаласының Мемлекеттік мұрағатында Талғат Бигельдиновтың өміріне қатысты құнды мәліметтер баршылық. Мәселен, 1980 жылдың 4 шілдесінде Астана қаласының (бұрынғы Целиноград) қадірлі азаматы атағы берілуі жөніндегі құжат, қызметтік карта, Талғат Бигелдинов туылған үйінің фотосуреті, соғыс уақытындағы фотосуреттер, марапат қағаздары, Василий Мартыновтың “Қазақстандық қыран” атты өлеңі, орден кітапшасына арналған есептік карта. Ұлы Отан соғысының тарихын зерттейтін зерттеушілер мен осы тақырыпқа қызығушылық танытатын тұлғаларға Мемлекеттік мұрағаттың есігі қашанда ашық. (Астана қ. Мемлекеттік мұрағаты, 430 қор, 16 тізімдеме).
Осындай батыр ағамызды еске алып, оның ерлігі қазіргі жастарға үлгі болсын.
Кәменұлы Арман.
Астана қаласының
Мемлекеттік мұрағатының
құжаттарды жариялау
және пайдалану бөлімінің
бас қызметкері.