Өз елінің адал азаматы

Кеңестік империяның құрсауындағы елдердің тарихы бұрмаланып, сол кездегі саяси ауа райына қарай икемделіп отырды. Сондықтан болар тәуелсіздік тұғыры қонған сәтте де қаһарман тұлғаларды ескермей, кейбір жағдайларды ұмытып, қоғамның рухани игілігіне жарата алмай отырған жайымыз бар.

Алаштың асыл тұлғаларымен қатар аталатын ұлдарының бірі – Жұмабек Ахметұлы Тәшенев. Ол кісінің өмірі мен қызметіне келетін болсақ, Жұмабек Ахметұлы 1915 жылы 20 наурызда Ақмола облысы Аршалы ауданы Танакөл ауылында дүниеге келген (бұрынғы жері қазіргі Береке және Қойгелді ауылдары ортасында). Ақмола құрылыс техникумын 1934 жылы бітірген. Жұмабек аға еңбек жолын 1934 жылы бастаған. Өйткені оны мемлекеттік қызметке шақырып алған еді. 1934-1944 жылдар Солтүстік Қазақстан облысында кеңес жұмыстарында, кейіннен 1947 жылға дейін Солтүстік Қазақстан облысының партия комитеті хатшысының орынбасары қызметін атқарады. Осы кезде Екінші дүниежүзілік соғыс болып жатқан кез еді. Бірақ бұл кісі соғысқа бармаған. Себебі өте жауапты, білімді, білікті әрі басқаруға ерекше қабілетті маман болғандықтан оны соғысқа жібермеген. 1947-1948 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасының орынбасары, 1948-1952 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан облысының атқару комитетінің төрағасы болып бекітіледі. Мәскеудегі ОК КПСС жанындағы Жоғарғы партия мектебінде сырттай оқып, 1955 жылы оны тамамдайды. Облыста жақсы қызмет істеп, жоғары көрсеткіштерге жеткен Ж. Тәшенев 1955 жылы Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының Төрағасы қызметіне тағайындалады. Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Прездиумының Төрағасы қызметінен 1960 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасына тағайындалып, бір жыл өткеннен кейін «Ұлтшыл» деп айыпталып, Н. Хрущевтің нұсқауымен қызметінен босатылды. Ол Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі төрағасы қызметінен босағанының артынша Мәскеуде экономика ғылымының кандидаты дәржесіне диссертация қорғайды. Ж. Тәшенев Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Қызметінен төмендетіліп, 1961 жылдан 1975 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Қызметі төмендегенімен Жұмабек Ахметұлы халықтың мұң-мұқтажын шешуге бұрынғыдан да жігерлене кірісті. Оңтүстік Қазақстан  облыстық атқару комитетінде істеген 15 жылдай уақытта Оңтүстік өңірінің экономикалық мәдени жағынан қайта түлеуіне көп еңбек сіңірді. 1986 жылы 71 жасында қайтыс болады.

Қазақ халқы жерін, ұлтын қорғаған, елінің ар-намысына айналған азаматтарын лайықты құрметтеп, әрқашан ілтипатпен еске алып, ұрпағына үлгі етіп отырған. Кеңестік дәуірде ұлтымызға рухани тірек болған осындай тұлғаның бірі – Жұмабек Ахметұлы Тәшенев. Ж. Тәшенев Қазақстанның өткен ғасырдың 50-60 жылдарынан бастап халық зердесінде орын алған айтулы тұлға. Оның ерліктерін көзімен көріп куә болған аға ұрпақ, Тәшеновтің тарихтағы еңбегін енді біліп жатқан кейінгі буын өкілдері аңызға айналған қаһарманның рухына бас иеді. Бұл айтулы тұлғаның ерлігін республика халқына насихаттап жүрген Хайдар Арыстанбеков, Сағындық Кенжебаев, Ғарай Сағымбаев, Керімбек Сыздықов, Кәрішал Асанов, Ұлықпан Бәшенов, Амантай Кәкен, Жолдыбай Базаров, Жібек Садирова т.б. ғалымдар, қаламгерлер Жұмабек Ахметұлының еңбектерін ұлтына танытуға көп еңбек сіңіруде.

Жұмабек Тәшенев туралы белгілі жазушы, филолог-ғалым Әди Шәріпов былай дейді: Қазақстан Республикасының жер көлемін суыртпақтай тарылта беру мақсатымен Н. Хрущев өзінің найза бойламайтын зымияндық отарлау саясатын жоспарлы түрде, жүйелі жүргізді. Баяғы заманда Бөгенбай, Қабанбай, Кенесары, Наурызбай сияқты батыр бабалармыз қан төгіп, сыртқы жаулармен соғысып, аман сақтап қалған қазақ халқының Атамекенін Ресейге беріп жіберуге қарсы болған жалғыз адам – Жұмабек Тәшенев.

Ж. Тәшенев республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді. Маңғыстауды Түркменстанға қосу жөніндегі ұсыныстарға тойтарыс берді. Тың өлкесіне біріктірілген солтүстік облыстарды Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шықты. Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдірді. “Қазақ әдебиеті” газетін жабудан, “Социалистік Қазақстан” газетін “Казправданың” аудармасы етіп шығарылу қаупінен қорғап қалды.

Жабылған жаладан, орынсыз тағылған кінәдан арашалап алып, елі үшін, халқы үшін саналы өмірін аямаған қажырлы қайраткерді, қазақ даласының жарық жұлдыздарының бірін отаршылдық саясатқа қарсы тұра білген дарынды басшыны әрдайым есте ұстап, тындырған істері мен сіңірген еңбегін елге кеңінен таратып, өнегелі өмірін келешек ұрпаққа үлгі еткеніміз абзал.

Кәменұлы Арман.

                                                                    Астана қаласының

                                                                                 Мемлекеттік мұрағатының

                                                                          құжаттарды жариялау

                                                                                  және пайдалану бөлімінің

                                                                 қызметкері.

Leave a reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *