25 қаңтарда 2023ж. Астана қаласының Мемлекеттік архиві Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Тарих факультетінің «7М02203-Тарих» 2- курс магистранттарының қатысуымен «ТУРА БИДЕ ТУҒАН ЖОҚ …» тақырыбында Төле би Әлібекұлының туғанына 360 жыл толуына орай пікірсайыс өткізілді.
Өткізілген пікірсайыстың негізгі мақсаты – жастарға хандық дәуірден бастап қазақ жерінде құқықтық институттардың қалыптасуы мен дамуын түсіндіру. Дәстүрлі қоғамдағы билер институты, олардың мәртебесі, қызметі және тарихтан алар орынын Төле би тұлғасы арқылы қарастыру.
Сонымен қатар, осы билер сотының әлсіреуі, 1864 жылғы сот реформасының ықпалы және Кеңес Үкіметі кезіндегі сот жүйесінің қалыптасуына салыстырмалы талдаулар жүргізу. Осы арқылы Тәуелсіз Қазақстандағы заң, сот ісі және оның орындалуына шолу жасау және қоғамдағы құқықтық мәселелерге деген жастардың танымдық көзқарасын қалыптастыру.
Қатысушыларға тақырыптың аясында мемлекеттік архивтің 66 қорындағы мәліметтер көрсетілді.
Шараға қатысушылар пікірсайыс барысында белсенді болып, тақырыпқа сәйкес өз ойларымен бөлісіп, пікірталас жүргізді. Магистранттар бүгінгі өткен пікірсайыс барысында алған тәжірибесін ғылыми ізденіс жолында зор пайдасын тигізеді деген ойларымен бөлісті.