2022 жылы 4 қараша күні Астана қаласындағы «Крокус Экспо» мұражайында Қазақстан Республикасының Ұлттық Архивінің ұйымдастыруымен Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Архив-2025» жобасын жүзеге асыруға арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев конференцияны ашып өзекті мәселелерге тоқталды.
«Архив қоғам өмірінде үлкен рөл атқарады. Елдегі архив материалдарының қатпарлары неғұрлым көлемді болса, ел халқының өзі туралы есте сақтау қабілеті соғұрлым терең әрі сенімді болады. Архивтердің жоғалуы ішінара амнезияға ұқсас – көптеген маңызды естеліктер жойылса, жадыда оқиғалардың жекеленген үзіктері, бұлыңғыр бейнелер сақталады. Сондықтан сіздердің атқарып жатқан жұмыстарыңыз өте маңызды», – деді Дәурен Абаев.
«Келесі жылы «Жас архивші» республикалық ғылыми жұмыстар конкурсы ұйымдастырылады. Өтінімдер 4 номинация бойынша қабылданады: «Қазақстан тарихы», «Архив құжаттарындағы өлке тарихы», «Тұлға тарихы», «Отбасы тарихы». Конкурстың басты талабы – архив құжаттары негізінде ғылыми жұмыстар дайындау. Одан бөлек, архив қызметкерлерін ынталандыру мақсатында «Үздік әдістемелік дайындау», «Қазақстанның үздік архиві» жалпы республикалық конкурстары өтеді», – деді министр Дәурен Абаев.
Конференция барысында шетелдегі мұрағаттар мен мәдени-ғылыми мекемелердегі анықталған құжаттық дереккөздер негізінде Қазақстан тарихы ғалымдарымен бірлесе отырып архивтердің ғылыми-зерттеу және баспа қызметінің мәселелері мен келешегі талқыланды.